Ақмола облысында қар құрсауында қалған балықшылар құтқарылды

Sputnik
АЛМАТЫ, 9 наурыз - Sputnik. Ақмола облысында құтқарушылар қарға батып қалған балықшыларға көмектесті, деп хабарлайды төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.
Қорғалжын ауданы Шалқар ауылының маңында жеңіл автокөлікпен жүрген екі ер адам қиын жағдайға тап болды. Қалың әрі борпылдақ қардың салдарынан көлік батып, өз күшімен шыға алмаған.
""Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар қар басқан жол учаскелерінен өтіп, қар құрсауында қалған автокөлікті тауып, ішіндегі адамдарды эвакуациялады. Жолаушылар Қорғалжын ауылына жеткізіліп, сол жерден өз бағытын жалғастырды. Құтқарылғандарға медициналық көмек қажет болған жоқ", - делінген хабарламада.
ТЖМ алыс жолға шығар алдында міндетті түрде ауа райы болжамын және көліктің техникалық жағдайын тексеруді ескертеді.
Соңғы он күнде қар құрсауынан 145 адам құтқарылды