АСТАНА, 3 наурыз – Sputnik. Шанхай ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы Нұрлан Ермекбаев Иранның Қытайдағы елшісі Абдолреза Рахмани-Фазлимен кездесуі барысында Таяу Шығыстағы жағдайға қатысты ШЫҰ елдерінің бірлескен мәлімдемесі туралы айтты.
Бұл туралы ұйым хатшылығының баспасөз қызметі хабарлады.
"Бас хатшы Иран төңірегіндегі жағдайға байланысты Ұйым қабылдаған саяси-дипломатиялық әрекет ету шаралары жөнінде ақпарат берді", – делінген хабарламада.
Ол ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің елдің егемендігін, қауіпсіздігін және аумақтық тұтастығын қамтамасыз ету қажеттігі жөніндегі ұстанымы ортақ екенін атап өтті. Сондай-ақ БҰҰ мен оның Қауіпсіздік кеңесі халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке нұқсан келтіруге қарсы шұғыл шаралар қабылдауға тиіс екенін айтты.
"Нұрлан Ермекбаев Иран аумағына жасалған әскери соққылар салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты көңіл айтып, ел халқына төзімділік, бейбітшілік және өркендеу тіледі", – деп көрсетілген хабарламада.
Ал Иран дипломатиялық миссиясының басшысы қолдау білдіргені үшін бас хатшыға алғыс айтып, халықаралық құқық нормалары мен БҰҰ жарғысына сәйкес мүше мемлекеттердің заңды мүдделерін қорғау бағытындағы ШЫҰ-ның күш-жігері жалғасады деген үмітін білдірді.