АСТАНА, 3 наурыз – Sputnik. Үкіметтің бүгінгі отырысында премьер-министр Олжас Бектенов халық жиі шағымданатын жолдарды атады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Былтыр жергілікті жолдар мен көшелердің мүшкіл жағдайына қатысты арыздардың саны 1,5 есеге артқан. Ал биылдың өзінде шамамен 7,5 мың шағым тіркелді.
"Мәселен, тұрғындар Доссор-Ақтау, Атырау-Орал жолдарының жағдайы нашар екенін айтып келеді. Туризм саласының өкілдері болса, Жетісу және Абай облыстарында, оның ішінде Алакөлге апаратын өңірлік жолдарды күтіп-ұстау жұмыстарының сапасына шағымданды", - деді Бектенов.
Осы орайда премьер әкімдіктер халық тарапынан түскен шағымдарға жедел жауап беруге тиіс екенін ерекше айтты. Уақтылы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жолдарды жөндеу барысына бақылауды күшейту қажет.
"Жол құрылыстары мен жөндеу жұмыстарында технологияларды қатаң сақтау, жобаларды уақтылы іске асыру – тек Көлік министрлігінің ғана емес, әкімдіктерге де қатысты мәселе.Оны бірінші басшылар тұрақты бақылауда ұстауға тиіс", - деді Бектенов.