АСТАНА, 2 наурыз – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Азия даму банкінің президенті Масато Канданы қабылдады, деп хабарлады Ақорда.
Қасым-Жомарт Тоқаев 30 жылдан астам уақыт ішінде Азия даму банкі елімізде жалпы сомасы 7 миллиард доллардан асатын 170-тен аса жобаға қолдау көрсеткенін айтты.
Мемлекет басшысы экономиканың басты секторларындағы ауқымды жобаларды жүзеге асыру жоспары жөнінде әңгімеледі.
"Масато Канда Азия даму банкі Қазақстанмен арадағы ықпалдастық аясын кеңейтуді басым бағыт санайтынын жеткізді. Банк тұрғын үй құрылысы, төтенше жағдайларды басқару және өзге де маңызды стратегиялық жобаларды қаржыландыруға дайын екенін растады", - деп жазылған хабарламада.
АДБ жетекшісі еліміздің цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу бойынша алдыңғы орында тұрғанын атап өтіп, аса маңызды минералдар секторын ілгерілетуде, ірі инвестициялық бастамаларды іске асыруда зор әлеует бар екеніне тоқталды.