АҚШ Иранға шабуылды 4-5 апта бойы жалғастыруды жоспарлап отыр - Трамп

АҚШ пен Израиль Иарға қарсы операция жүргізіп жатыр
Sputnik
АСТАНА, 2 наурыз – Sputnik. АҚШ Иранға шабуылды 4-5 апта бойы жалғастыруды жоспарлап отыр, деп мәлімдеді Дональд Трамп New York Times басылымына берген сұхбатында.
"Біз шабуылдарды жалғастыруды төрт-бес аптаға жоспарлап отырмыз. Бұл ешқандай қиын емес", - деді Трамп АҚШ пен Израиль қазіргі шабуыл деңгейін қанша уақыт сақтай алады деген сұраққа жауап беріп.
New York Times газетінің хабарлауынша, Трамп сонымен қатар Иранды басқаруға үш кандидатты қарастырып отырғанын мәлімдеді.
"Менің үш өте жақсы кандидатым бар", - деді Трамп, кандидаттардың атын атаудан бас тартып.
Ол сондай-ақ АҚШ-тың бүкіл әлемде үлкен көлемде оқ-дәрі сақталғанын мәлімдеді.
"Бізде өте көп оқ-дәрі бар. Білесіз бе, бізде бүкіл әлемде, әртүрлі елдерде оқ-дәрілер сақталған", - деді ол New York Times газетіне Ислам Республикасына жасалып жатқан шабуылдардың қарқындылығына түсініктеме беріп.
Дональд Трамп елдегі үкіметті құлатуға шақырып отырған ирандықтарды қорғауға қандай да бір уәде беруден бас тартты.
"Мен бұл мәселеде нақты уәде бермеймін", - деді ол.
АҚШ пен Израиль сенбі күні Тегеранды қоса алғанда, Ирандағы нысандарға шабуыл жасай бастады. Салдарынан қираулар мен бейбіт тұрғындардың қаза табуы туралы хабарламалар тарады. Иран Израиль аумағына, сондай-ақ Таяу Шығыстағы АҚШ әскери нысандарына жауап ретінде шабуыл жасап жатыр.
Иранға шабуылдар Вашингтон мен Тегеран арасындағы Иранның ядролық мәселесі бойынша келіссөздерге қарамастан жасалды. Келіссөздердің соңғы кезеңі 26 ақпанда Женевада өтті.
Шабуыл Иранның Жоғарғы көсемі аятолла Әли Хаменеидің қазасына әкеп соқты. Ел 40 күндік аза тұту жариялады.
Тоқаев Таяу Шығыстағы ахуалды жіті қадағалап отыр