Иранның оңтүстігінде мектепке жасалған соққыдан кемінде 60 бала қаза тапты

Сенбі күні АҚШ пен Израиль Иранға қарсы ауқымды әскери операция бастады
Sputnik
АСТАНА, 28 ақпан – Sputnik. Иранның оңтүстігінде қыздар оқитын мектепке зымыран түсіп, кем дегенде 60 оқушы қаза тапты, деп мәлімдеді республиканың денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Хосейн Керманпур. Бұл туралы РИА Новости жазды.
"60 бала көз жұмды, 80-і зардап шекті, үйінді астынан тағы қанша адамның денесі шығарылатынын бір құдай біледі", - деп жазды ол X әлеуметтік желісінде.
Шажаре Тайебе мектебі Хормоган провинциясының Минаб ауданында орналасқан. Соңғы ақпарат бойынша Минаб пен Жаскте 70-ке жуық адам қаза тауып, 90-нан астам адам жарақат алды.
Сенбі күні АҚШ пен Израиль Иранға қарсы ауқымды әскери операция бастады. Тель-Авив өзінің мақсаты Тегеранның ядролық қаруға ие болуына жол бермеу екенін мәлімдеді. Ақ үй басшысы Дональд Трамп өз кезегінде америкалықтарды қорғауға және Иран Ислам Республикасында билікті өзгертуге ниетті екенін мәлімдеді.
Тегеран бұл елдерді негізсіз агрессия жасады деп айыптады. Мемлекеттік БАҚ азаматтық нысандарға зымыран соққылары жасалғанын хабарлады. Иран өз кезегінде Израильге, сондай-ақ Бахрейндегі АҚШ-тың бесінші флотының штаб-пәтеріне және Катар, БАӘ, Кувейт, Сауд Арабиясы және Иорданиядағы АҚШ-тың әскери базаларына соққы жасады.
Иран 200-ге жуық америкалық әскери қаза тапқанын және жараланғанын мәлімдеді