АСТАНА, 25 ақпан – Sputnik. Мерзімі өткен жүргізуші куәлігін енді онлайн ауыстыруға болады, деп хабарлады жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі.
Қазақстандықтар осы жылдың сәуірінен бастап жүргізуші куәлігін оның жарамдылық мерзімі аяқталғаннан кейін де eGov.kz порталы және eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы ауыстыра алатын болады.
"Бұған дейін қызмет тек қолданыстағы құжат болған жағдайда, сондай-ақ оны жоғалуы, ұрлануы немесе тегі, аты-жөнін өзгерткен кезде ғана онлайн форматта көрсетілетін. Енді ол құжат мерзімі өткен жағдайларды да қамтиды", - деп жазылған хабарламада.
Жаңа қағида жүргізуші куәлігінің барлық санаты үшін жарамды. Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін куәлікті ауыстыру кезінде көлік құралын басқаруға рұқсат алу үшін міндетті түрде медициналық тексеруден өту қажет.
Медициналық тексеруден өткен пайдаланушылардың мәліметтері өтінім беру сәтінде мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде жүктеледі. Ал егер пайдаланушы куәлікті мерзімі аяқталғанға дейін алдын ала ауыстырса, медициналық тексеруден өту талап етілмейді. Қызмет көрсету мерзімі - 60 минут.
eGov.kz порталы арқылы қызметті алу үшін:
порталға кіріп, "Азаматтарға" - "Көлік және коммуникациялар" - "Автомобиль көлігі" бөліміне өту;
"Жүргізуші куәлігін алу" қызметін таңдау;
дайын құжатты алу үшін ХҚКО-ны көрсету және фотосуретті жүктеу (фотоға қойылатын талаптармен танысу);
қолтаңба үлгісін жүктеу және байланыс телефонын енгізу;
мемлекеттік баж салығын төлеу (1,25 АЕК). Қайта өтінім берген жағдайда "Бұрын төленген" функциясын пайдалануға болады;
өтінімді қол қоюдың қолжетімді тәсілдерінің бірімен растау.
eGov Mobile қосымшасы арқылы қызметті алу үшін:
қосымшаға кіріп, "eGov Мемлекеттік қызметтер" - "Жүргізу және көлік" бөліміне өту;
"Жүргізуші куәлігін беру" қызметін таңдау;
фотоға қойылатын талаптармен танысып, файлды жүктеу;
қолтаңба үлгісін жүктеу немесе жазып, "Сақтау" батырмасын басу;
дайын құжатты алу үшін ХҚКО бөлімін таңдап, "Жалғастыру" батырмасын басу;
мемлекеттік баж салығын төлеу (1,25 АЕК). Қайта өтінім берген жағдайда "Бұрын төленген" функциясын пайдалануға болады;
өтінімді қолжетімді тәсілдердің бірімен қол қою.
Қызмет нәтижесі eGov.kz порталындағы Жеке кабинеттегі "Хабарламалар" бөлімінде және eGov Mobile қосымшасындағы "Хабарламалар" - "Жеке кабинет тарихы" бөлімінде көрсетіледі. Дайын құжатты рәсімдеу кезінде таңдалған ХҚКО-дан, жеке куәлікті ұсыну арқылы, алуға болады.