АСТАНА, 25 ақпан – Sputnik. АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі Украина үкіметіне 2025 жылдың қарашасында Ресейдің Қара теңіздегі мұнай нысанына жасалған соққы АҚШ инвестициясына әсер еткенін ескертті.
Бұл туралы Украинаның АҚШ-тағы елшісі Ольга Стефанишина CNN телеарнасына хабарлады.
"Біз Украинаның Новороссийскідегі теңіз терминалына жасаған шабуылы Қазақстан арқылы жүзеге асырылатын кейбір америкалық инвестицияға әсер еткенін естідік. Мемлекеттік департамент бізге АҚШ мүддесіне шабуыл жасамау керектігін ескертті", – деді елші.
Сондай-ақ, оның айтуынша, мемлекеттік департаменттің жолдауында қазіргі уақытта АҚШ-тың Украинадағы экономикалық мүддесі Қазақстандағыдай деңгейде емес екені аталып өткен.
Стефанишина тәуелсіздіктің 35 жылында қаншама мүмкіндік болғанына қарамастан Украина осы деңгейге жете алмағанын айтты.
Америкалық Chevron компаниясы Каспий мұнай құбыры консорциумының (КҚК) ірі акционері болып отыр. Бұл құбыр арқылы Қазақстан мұнайы Қара теңізге жеткізіліп, экспортқа шығарылады.
2025 жылдың 29 қарашасында Украина КҚК теңіз терминалына шабуыл жасады. Сол кезде мұнай тиейтін үш айлақтың бірі зақымданды. 2026 жылдың қаңтарында Қазақстанның энергетика министрлігі республика шамамен 3,8 млн тонна экспорттық мұнайдан айырылғанын хабарлады.
Каспий мұнай құбыры консорциумы арқылы Қазақстан мұнайының 80%-ы экспортқа шығарылады, ал мұнай ел бюджетіндегі негізгі кіріс көзі болып саналады.