АСТАНА, 20 ақпан – Sputnik. Берік Шолпанқұлов Ұлттық банк төрағасының орынбасары лауазымынан босатылды, деп хабарлады Ақорда.
"Мемлекет басшысының өкімімен Берік Шолпанқұлұлы Шолпанқұлов берген өтінішіне сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі төрағасының орынбасары лауазымынан босатылды", - деп жазылған хабарламада.
Ол бұл қызметті 2021 жылдың 5 сәуірінен бастап атқарды, бұған дейін Қазақстан Республикасының қаржы вице-министрі болған.
Айта кетері, қаңтарда Қаржылық мониторинг агенттігінде өткен жиында президент 2025 жылы Қазақстандағы банктердің бірі арқылы көршілес елдің 7 трлн теңгеден астам қаражаты "аударылғанын" хабарлады. Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті органдарға тапсырма берген.
Артынша Берік Шолпанқұлов бұл жағдайға түсінік беріп, әңгіме ақшаның тікелей шығарылғаны жайлы емес, жалпы айналым туралы екенін атап өтті. Оның айтуынша, банкті тексеру әлі жалғасып жатыр, бірақ елеулі құқық бұзушылық белгілері анықталмаған.
Бүгін Тоқаевтың баспасөз хатшысы Айбек Смадияров Қазақстан банктерінің бірі арқылы 7 трлн теңге аударылғанын, мемлекет басшысы жалған ақпарат таратпайтынын мәлімдеді.