АСТАНА, 18 ақпан – Sputnik. Астанада полицейлер мұз үстінде қалып қойған балықшыны құтқарды, деп хабарлайды Polisia.kz.
"102" арнасына ер адамға шұғыл көмек қажет екені туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына дереу патрульдік полиция полкінің қызметкерлері – Кенжебек Әлібаев пен Олжас Бортай жетті.
"59 жастағы ер адам шатыр ішінде балық аулау кезінде екі қолын екі бөлек ойыққа тығып, өздігінен шыға алмай қалғаны анықталды. Оқиға орнына барған полицейлер жағдайды мұқият бағалап, зардап шегушіге екі жағынан жақындап, ойықтарға қысылып қалған қолдарын босатты. Кейін ер адамды мұз үстінен қауіпсіз жерге шығарып алды", - деп жазылған хабарламада.
Құтқару сәтінен кейін қызметкерлер алғашқы медициналық көмек көрсетіп, қан айналымын қалпына келтіру үшін қол-аяғына жылыту массажын жасады. Сондай-ақ қажетті көмекті ұйымдастырып, медицина қызметкерлері келгенге дейін оның жағдайын бақылауда ұстады.
Полиция азаматтарды қыс мезгілінде су айдындарында барынша сақ болуға шақырады. Мұз үстінде қауіпсіз арақашықтық сақтап, ойықтарды бір-біріне тым жақын бұрғыламау, шатырда жалғыз қалмау және әрдайым байланыс құралдарын алып жүру қажет.