АСТАНА, 17 ақпан – Sputnik. Түркістан қалалық балалар ауруханасында сирек кездесетін әрі аса күрделі ота сәтті жасалды, деп деп хабарлады облыс әкімдігі.
15 жастағы қыздың іші ауырып, жедел түрде ауруханаға жеткізілген.Тексеру барысында асқазан қуысында ірі көлемді бөгде зат анықталған.
Дәрігерлер шұғыл күрделі хирургиялық ота жасады. Нәтижесінде науқастың асқазанынан салмағы 900 грамм болатын шаш түйіні алынды.
"️Ота екі сағат елу минутқа созылды. Хирургиялық бригада, анестезиологтар және орта медицина қызметкерлері бірлесе жұмыс атқарып, отаны сәтті аяқтады. Қазіргі таңда науқастың жағдайы тұрақты, дәрігерлердің бақылауында", - делінген хабарламада.
Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайлар медицинада өте сирек кездеседі және дер кезінде көмек көрсетілмеген жағдайда ауыр асқынуларға алып келуі мүмкін.