АСТАНА, 17 ақпан – Sputnik. Түркістан облысында азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін темекі өнімдері - снюсті заңсыз дайындап, таратумен айналысқан топтың қызметі тоқтатылды.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Келес және Ордабасы аудандары аумағында орналасқан 3 жасырын цехтың жұмысы әшкереленіп, толықтай жойылды.
Заңсыз өндіріс жалпы ауданы 500 шаршы метрден асатын нысандарда ұйымдастырылып, күн сайын шамамен 20 адам жұмысқа тартылған.
Тыйым салынған өнімдер еліміздің барлық өңірлеріне жүйелі түрде таратылып отырған.
"Заңсыз айналымнан 1 миллионнан астам дайын өнім, 30 тонна темекі, 2 млн қаптама пакеті, түрлі хош иістендіргіштер мен улы химиялық қоспалар, сондай-ақ өндірістік арнайы жабдықтар тәркіленді", - деп жазылған хабарламада.
Тәркіленген шикізат көлемі шамамен 60 млн дана бір реттік снюс мөлшерін өндіруге жеткілікті болған.
Сот санкциясымен заңсыз қызметтен түскен қаражатқа сатып алынған екі автокөлікке тыйым салынды.