Тоқаев Қырғызстан президентімен телефон арқылы сөйлесті

Садыр Жапаров Қазақстандағы ауқымды өзгерістерді қолдайтынын мәлімдеді
Sputnik
АСТАНА, 17 ақпан - Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан президентімен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Ақорда.
Президент қазақ-қырғыз қарым-қатынасының оң динамикасына тоқталып, оған тұрақты саяси диалог, екі ел үкіметтері мен іскер топтары арасындағы белсенді ықпалдастық септігін тигізіп отырғанын атап өтті.
️"Бауырлас елдердің көшбасшылары сауда-экономика, көлік-логистика және су-энергетика салаларындағы ынтымақтастықтың қарқынды түрде дамып келе жатқанына назар аударды. ️Президенттер достық, стратегиялық серіктестік пен одақтастық рухындағы мемлекетаралық байланыстарды одан әрі кеңейтуге бейіл екенін растады", - делінген хабарламада.
️Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровқа елімізде Конституциялық реформа жүргізіліп жатқанын айтты. Бұл жаңғырту мемлекеттің қарыштап өркендеуіне негіз қалайды.
Қырғызстан президенті Қазақстандағы ауқымды өзгерістерді қолдайтынын мәлімдеді. Мемлекеттер басшылары өңірлік ынтымақтастық мәселелері жөнінде ортақ пікірде екенін жеткізді.
Тоқаев Бішкекте ШЫҰ саммиті мен Дүниежүзілік көшпенділер ойындары секілді маңызды халықаралық іс-шаралардың табысты өтуіне тілектестік білдіріп, Садыр Жапаровтың ел бірлігін сақтауға, қырғыз мемлекеттілігін нығайтуға бағытталған шешімдерін қуаттады.
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Астанаға келді