АСТАНА, 17 ақпан – Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР төрағасына құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлады Ақорда.
Қазақстан президенті Си Цзиньпинді Қытай күнтізбесінің Жаңа жылы – Чуньцзе мерекесімен құттықтады.
"Мызғымас достық пен тиімді ықпалдастыққа негізделген сан қырлы қарым-қатынасымыздың тың қарқынмен дамып келе жатқаны қуантады", - деді президент.
Мемелекет басшысы Си Цзиньпиннің осы игі іске қосқан үлесін жоғары бағалайтынын жеткізді.
"Қазіргідей құбылмалы кезеңде өзара қолдау көрсетіп, халықаралық деңгейде үйлесімді әрекет ете отырып, ортақ мүдделерімізді қорғаудың, елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңызы зор. Бұл бағыттағы Сіздің берік ұстанымыңызды толық құптаймын", – деп жазылған жеделхатта.
Президент ҚХР төрағасының жаһандық бастамаларына сәттілік, ал Қытай халқына бақ-береке тіледі.