"Бұл жеңіс тарихта қалады": Тоқаев жарыстан жүлделі оралған командаларды марапаттады

© Пресс-служба президента КазахстанаКасым-Жомарт Токаев с победителями международного турнира UAE SWAT Challenge-2026
Касым-Жомарт Токаев с победителями международного турнира UAE SWAT Challenge-2026 - Sputnik Қазақстан, 1920, 16.02.2026
Жазылу
Қазақстанның намысын қорғаған бес құраманың бәрі де үздік 20 команданың тізіміне кірді
АСТАНА, 16 ақпан – Sputnik. Ақордада UAE SWAT Challenge-2026 халықаралық жарысынан жүлделі оралған командаларды салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жеңімпаздарды шын жүректен құттықтап, олар нағыз қазақ жауынгері рухының қандай болатынын әлем жұртшылығына паш еткенін, Қазақстанның беделін биікке көтергенін атап өтті.
"Қазақстан С" командасы теңдесі жоқ, яғни абсолютті чемпион атанды. Бұл – тамаша жетістік, бұл жеңіс осы турнирдің тарихында қалады. Жылдар зымырап өтеді, бірақ сіздердің балаларыңыз, осы қуанышты күндердің куәсі болған, сіздерді қолдаған, сіздерді мақтан тұтқан барлық адам бұл жеңісті әрдайым ерекше сезіммен еске алып, айтып отырады. Ал "Қазақстан А" командасы екінші орынға ие болды. Бұл да өте жақсы, бәрімізді қуантқан керемет нәтиже", – деді Тоқаев.
Президент "Томирис" қыздар құрамасының жетістігіне айрықша тоқталды.
"Қазақстанның намысын қорғаған бес құраманың бәрі де үздік 20 команданың тізіміне кірді. Бұл нағыз жасампаз отаншылдық деп күмәнсіз айтуға болады. Төрткүл дүние ұл-қыздарымыздың мықтылығына куә болды. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Барлық бапкер мен жаттықтырушыға және әскери басшыларға, басқа да мамандарға зор алғыс айтамын", – деді президент.
Мемлекет басшысы қазір еліміз ауқымды өзгерістердің шешуші кезеңіне қадам басқанына назар аударып, 15 наурызда азаматтарымыз жалпыхалықтық референдумда Конституцияға қатысты өз таңдауын жасайтынын еске салды.
"Басты құжаттың жобасында егемендігімізді және мемлекеттігімізді нығайтатын мызғымас рухани және құқықтық құндылықтар бекітілді. Жауапты әрі жасампаз отаншылдық ұғымы айқындалды. Әділетті Қазақстан идеясы, Заң және тәртіп қағидаты жаңа Конституция жобасында лайықты орнын тапты. Мұның бәрін іс жүзінде орнықтыру – баршаға ортақ перзенттік парыз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының жарлығымен UAE SWAT Challenge-2026 халықаралық жарысынан жеңіспен оралған бір топ офицер мен әскери қызметкер Бауыржан Момышұлы атындағы ІІ дәрежелі "Айбын" орденімен, "Жауынгерлік ерлігі үшін" медалімен және Қазақстан Республикасы президентінің Алғысымен марапатталды.
Жаңалықтар
0