Атырауда блогерді ұрып-соққан екі әйел сотталды

Кінәлілерден 1 млн теңге моральдық және 2,9 млн теңге материалдық залал өндірілді
Sputnik
АСТАНА, 13 ақпан – Sputnik. Атырау қаласының №2 соты блогер қыздың денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтірген екі әйелді 1 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Соттың мәліметінше 2025 жылдың 3 қазанында туристік қызмет көрсетілмеуіне байланысты А. және К. арасында жанжал туындаған, кейін А. және оның танысы С. жәбірленушіге физикалық күш қолданған.
Сараптама қорытындысына сәйкес, жәбірленушінің денсаулығына жеңіл зиян келтірілгені анықталды.
"Сотта жәбірленуші бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны кесуді, сондай-ақ моральдық және материалдық залалды өндіруді талап етті. Сотталушылар азаматтық талап қою сомасын төмендетуді сұрады", - деп жазылған хабарламада.
Сот сотталушылардың жас балаларының болуын жеңілдететін мән-жай ретінде қарастырды. Ауырлататын мән-жайлар анықталмады.
Сот үкімімен сотталушылар ҚК-тің 108-1-бабының 2-бөлігінің 4-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Оларға 1 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы кесіліп, жазаның орындалуы 1 жыл мерзімге кейінге қалдырылды (ҚК-тің 74-бабы).
Сондай-ақ, кінәлілерден 1 млн теңге моральдық және 2,9 млн теңге материалдық залал өндірілді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, жәбірленуші өзін ұрып-соққан қыздың турын әлеуметтік желідегі парақшасында жарнамалап, тіпті 100 мың теңгеге өзі де алғанын айтқан болатын. Алайда тур болмағасын ол ақшасын қайтарып беруді сұраған. Түсініспеушілік осы жерден туындап, кейін күдікті оны түнде зират басына апарып, ұрып-соққан.
Атырауда блогер қызды түнде айдалаға апарып, ұрып-соққандар тергеліп жатыр