АСТАНА, 10 ақпан – Sputnik. Жамбыл облысында кәсіпорын қомақты көлемде салық сомасынан жалтарғаны анықталды, деп хабарлады бас прокуратура.
Заң бұзушылық ірі салық төлеушілердің қызметіне жүргізілген талдау барысында анықталды. Яғни, пайдалы қазбаларды өндіруге маманданған кәсіпорынның әрекеттерінен салық міндеттемелерін төмендету белгілі болды.
Атап айтқанда, компания бағалы қағаздар бойынша төлемдерді негізсіз ұлғайтып, оларды салықтық шегерімдерге жатқызған.
Сонымен қатар компанияның жылдық табысы шығарылған облигациялардың құнынан төмен болған, бұл корпоративтік табыс салығын төлеуден жалтару белгілерін көрсеткен.
"Облыс прокуратурасының ұсынуы бойынша салықтық тексеру жүргізіліп, анықталған бұзушылықтар расталды және оның нәтижелері бойынша бюджетке 1,1 млрд теңге өндірілді", - деп жазылған хабарламада.
Салық заңнамасының сақталуы және бюджеттің уақтылы толықтырылуы мәселелері облыс прокуратурасы органдарының ерекше бақылауында, дейді ведомствода.