"Көрейік": Тоқаев министр келтірген мәліметті тексеретінін айтты

Sputnik
АСТАНА, 10 ақпан – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтен отандық бағдарламаларды дамыту жайында сұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мәдиев баяндама жасады. Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев бір-екі сұрағым бар деді. Президент алдымен KazLLM бағдарламасы жайында сұрақ қойды.
"Сіз оны іске қостық деп айттыңыз. Бірақ менің білуімше, бұл бағдарламаға сұраныс әлі төмен. Себебі ақаулары көп. Жұрт ChatGPT-ге жүгінеді. KazLLM-ге көшкісі келмейді. Сондықтан KazLLM-ның айналасында не болып жатыр деген сұрағым бар. Не айтасыз?",-деді Тоқаев.
Министр KazLLM-нен бөлек AlemLLM тілдік модельдің бар екенін жеткізді. Барлығы қолжетімді. Бірақ сапасын үнемі арттырып отыру қажет.
"Ол үшін біз халықаралық сарапшылармен бірге осы жұмысты жалғастырамыз", - деп атап өтті Мәдиев.
Министр ақаулардың бар екенін мойындады. Оның айтуынша, ірі компанияларға ілесу оңай емес. Олар үнемі өз өнімдерін жаңартып отырады.
Осы орайда президент KazLLM-ді пайдаланып жатқан адамдардың санын сұрады. Министрдің мәліметіне сәйкес, ондай пайдаланушылардың саны 600 мыңнан асты. Алайда Мәдиев Қазақстандағы ChatGPT пайдаланатын адамдардың нақты санын айта алмады. "Халықтың 13 проценті", - деп қысқа ғана қайырды.
Тоқаев Aitu мессенджері жайында да сұрады. Министр осы мессенджерді 700 мыңнан астам пайдаланатынын жеткізді. Ал Тоқаев бұл мәліметті тексеретінін айтты.
"Көрейік, бұны тексеріп алу керек", - деді президент.