Алматыда мектепте болған концерттен кейін балалар ауруханаға түсті

Сахна түтінін пайдалануға жол берген педагог тәртіптік жазаға тартылды
Sputnik
АСТАНА, 10 ақпан – Sputnik. Алматыда мектеп оқушылары сахнаға жіберілетін түтіннен уланып қалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қаланың білім басқармасы ұсынған ақпаратқа сәйкес, бұл оқиға №199 мамандырылған мектеп-гимназиясында 9 ақпан күні болған. Акт залында болған мәдени шара кезінде сахнаға арналған түтін генераторы пайдаланылған. Соның әсерінен бірнеше оқушы өзін жайсыз сезінген. Жөтел қысып, көзінен жас аққан. Мектепке бірден жедел жәрдем шақырылды.

"Жедел медициналық көмек орталығына 12 жастағы 6 бала жеткізілді. Барлығында құрғақ тұманпен улану белгілері болған. Оларды токсикологиялық бөлімге жатқызды. Жағдайы орташа ауыр, тұрақты", - дейді әкімдік мамандары.

Осы оқиға бойынша қызметтік тексеріс жүргізілді. Сахна түтінін пайдалануға жол берген педагог тәртіптік жазаға тартылды.
Ал ұлттық сараптама орталығыны мамандары ауа сынамасын алды. Зерттеудің нәтижесі әлі дайын емес.
Гимназияда бұқаралық шараларды өткізу кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтауды бақылау күшейтілді.
Оқушылар ақауы бар автобуспен тасымалданғаны үшін мектеп директорлары жауапқа тартылды