АСТАНА, 9 ақпан – Sputnik. Құлсарыда оқушы қатарластарына балтамен шабуыл жасағаннан кейін мектеп директоры қызметінен кетті. Бұл туралы Атырау облысы білім басқармасы хабарлады.
"Құлсары қаласындағы А. С. Пушкин атындағы №6 мектептің директоры өз еркімен қызметінен босатылды. 5 ақпанда оған қатаң сөгіс жарияланған, ал 6 ақпанда жұмыстан босату туралы өтініші қанағаттандырылды", - деп жазылған хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, 10-сынып оқушысы қатарластарымен болған жанжалдан кейін оларға балтамен шабуыл жасаған. Салдарынан екі оқушы жеңіл дене жарақатын алған.