АСТАНА, 9 ақпан – Sputnik. Алматы облысында әлеуметтік желіде жарияланған қыз алып қашу видеосы үшін айыппұл салынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Сот материалына сәйкес, 15 қаңтарда Қарасай ауданының тұрғыны TikTok-та өзін күштеп ұрлап кеткені туралы бейнежазба жариялаған. Некеге мәжбүрлеу белгілері бар видео жылдам тарап кетті. Бірақ сотта автор бейнежазбаны көп қаралым жинау үшін түсіргенін мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін айтты.
Судья жалған видео таратқан қыздың әрекетінен қылмыстық құқық бұзушылық белгілерін анықтаған жоқ. Бірақ әкімшілік құқық бұзушылық бар, себебі әлеуметтік желі арқылы жалған ақпарат таратылған.
Сот үкімімен қыз алып қашуға қатысты жалған ақпарат таратқаны үшін 20 АЕК (2026 жылда - 86 500 теңге) мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды. Алайда әкімшілік құқық бұзушылықтың алғаш рет жасалғанын және сотталушының жасаған әрекетіне шын өкінетінін ескере отырып, айыппұлдың сомасы 30 пайызға қысқартылды. Осылайша, айыппұлдың сомасы 60 550 теңгеге дейін төмендетілді.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.