АСТАНА, 9 ақпан – Sputnik. Қазақстандағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Таразда екі баласын терезеден лақтырған әйелге қатысты ақпаратты жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ауыр жарақат алған балалар облыстық көпсалалы ауруханаға жеткізілген болатын. Қазіргі кезде екі жасар ұлдың жағдайы қанағаттанарлық. Ал төрт жастағы қыздың жағдайы ауыр, сынған жерлері көп.
"Балалардың анасы бұған дейін ауыр депрессияға түскен. Бірақ аяғына дейін емделмеді", - дейді Зәкиева.
Оның айтуынша, полиция Қылмыстық кодекстің "Кәмелетке толмағандарды өлтіруге оқталу" бабы бойынша тергеуді бастады.
Осы ретте Зәкиева өзекті мәселені көтерді. Оның пікірінше, балаларды қорғауға кедергі келтіретін мәселелердің бірі - медициналық құпия. Денсаулық сақтау ұйымдары балаларды қорғау органдарына ауыр депрессия, психикалық диагнозы бар ата-аналар туралы хабарламайды.
"Балаларды қорғау органдарында тиісті ақпарат болуы керек. Менің ойымша, бұл мәселе заңнамалық деңгейде шешілуі тиіс", - деді ол.
Айта кетері, бұл оқиға Тараздағы жатақханада болған. 36 жастағы әйел бесінші қабаттың терезесінен алдымен төрт жастағы қызын, одан кейін екі жастағы ұлын лақтырып жіберген.