АСТАНА, 8 ақпан – Sputnik. Италияда өтіп жатқан 2026 жылғы Олимпиада ойындарында бүгін Қазақстан құрамасының өкілдері екі спорт түрінен сынға түсті, деп хабарлайды Ұлттық Олимпиада комитеті.
Биатлоншы Владислав Киреев, Әсет Дүйсенов, Милана Генёва және Айша Ракишева жарысты 21-орынмен аяқтады.
Олимпиадада жеңіс тұғырының ең жоғары сатысына Франция құрамасы көтерілді. Италия күміс жүлдеге ие болса, қола медаль Германияға бұйырды.
Ал шаңғы жарысынан ерлер арасындағы скиатлонда (10 шақырым + 10 шақырым) Қазақстан құрамасы сапынан Наиль Башмаков пен Әмірғали Мұратбеков өнер көрсетті. Әмірғали Мұратбеков 45-орынмен мәреге жетсе, Наиль Башмаков 49-нәтижесін тіркеді.
Алтын жүлдені норвегиялық Йоханнес Клебо жеңіп алды. Күміс медаль Франция спортшысы Матис Деложға бұйырды. Норвегия өкілі Мартин Ньенгет қола жүлдемен жарысты аяқтады.