Комиссия Конституцияда теңгені ұлттық валюта ретінде бекіту туралы ұсынысты қолдады

Астанада Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның тоғызыншы отырысы өтті
Sputnik
АСТАНА, 7 ақпан – Sputnik. Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшелері теңгені ұлттық валюта ретінде конституциялық деңгейде бекіту туралы ұсынысты қолдады.
Бұл туралы Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның кезекті отырысы барысында Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов мәлім етті. Ол Конституция жобасында ұлттық валютаның мәртебесі қалай бекітілетінін нақтылады.
"Өткен отырыста әріптестеріміз бірнеше ұсыныс енгізді. Олар өте маңызды және көптеген елде конституциялық құқықтық реттеудің нысанасына жатады. Осыған байланысты жобада аталған жаңалықтарды бекітетін нормалар қосымша қарастырылып отыр. Мысалы, теңгені ұлттық валюта ретінде конституциялық тұрғыда бекіту туралы ұсынысты іске асыру мақсатында 2-бап 6-тармақпен толықтырылды. Аталған тармаққа сәйкес, "Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы, ақша бірлігі – теңге. Теңгені эмиссиялаудың айырықша құқығы Қазақстан Республикасына тиесілі", - деді Нұрмұханов.
Айта кетері, Конституцияның жаңа жобасы бойынша eGov және e-Otinish порталына жұртшылық тарапынан келіп түскен ой-пікірлер саны 4 мыңнан асқан.
Жаңа Конституция жобасына қатысты 4 мыңнан астам ой-пікір түсті