АСТАНА, 5 ақпан – Sputnik. Алматы қаласы 2029 жылы өтетін қысқы Азия ойындарының ресми ұйымдастырушысы болып бекітілді, деп хабарлады Ұлттық Олимпиадалық комитет.
Тиісті құжатқа Италияның Милан қаласында Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин мен Азия Олимпиадалық кеңесінің басшысы, мәртебелі Шейх Джоан бин Хамад Әл-Тани қол қойды.
"Алматыда спорттық және қалалық инфрақұрылым толық қалыптасқан. Осы фактор қалаға ауқымды қосымша құрылыс жүргізбей-ақ, кешенді халықаралық жарыстарды өткізуге мүмкіндік береді", - деп жазылған хабарламада.
Қолданыстағы спорт нысандарын тиімді пайдалану және ірі спорттық іс-шараларды ұйымдастырудағы мол тәжірибе Ойындарды жоғары деңгейде әрі ұтымды өткізуге негіз болмақ.
Ресми рәсімге, сондай-ақ, Азия Олимпиадалық кеңесінің басшылығы, Азия елдері Ұлттық Олимпиадалық комитеттерінің өкілдері, халықаралық спорт ұйымдарының мүшелері, сонымен қатар, Милан-Кортина 2026 қысқы Олимпиада ойындарына орай ұйымдастырылған іс-шаралар аясында Миланда болған құрметті қонақтар мен ресми тұлғалар қатысты.