"Жадыра, мен адам болмаймын": Талдықорғанда әкесі қызын өлімші етіп ұрып тастады

Ер адам бұл әрекетті мас күйде істеген
Sputnik
АСТАНА, 4 ақпан – Sputnik. Талдықорғанда 3 жасар бүлдіршінді әкесі өлімші етіп сабап тастады. Ер адам бұл әрекетті мас күйде істеген. Бүлдіршіннің жағдайы қандай, оқиға қалай болған, Sputnik Қазақстан тілшісіне анасы айтып берді.
Үш жасар Ақжарқын ажалдан аман қалды. Ол туған әкесінің қолынан жәбір көрді. Ішімдік ішіп, мас болған ер адам баланың жылағанына шыдамай, ашуға булығып, қызын аяусыз соққыға жыққан. Анасы Жадыра Жұмақанова бұл кезде душ қыбалдап жатқан.
"Қызым шырылдап қатты жылап кетті. Жүгіріп кірсем ұрып тастапты. Беті-аузы көгеріп қалыпты. Сөйтсем кеудесі, арқасы, қолы бәрі көгеріп қалған. Неге ұрасың десем, жылап қоймай қойды, жұбатайын деп едім деді. Мен күйеуіммен жанжалдаса бастап ем ол мені ұрды. Сосын жедел жәрдем мен полиция шақырдым. Өйткені күйеуім мас, өршеленіп кетіп барады", - дейді бүлдршіннің анасы Жадыра Жұмақанова.
Жадыра күйеуі екеуі сезіммен, бір-біріне ғашық болып қосылған. Отбасы құрғандарына бес жыл болған.
"Алғашқы кезде мені жиі ұратын, аяғым ауыр кезде де қол көтерген. Бірақ соңғы жылдары қол көтергенін койған. Бірақ араққа бейім болып алды. "Жадыра, мен адам болмаймын" деп айта беретін. Үш рет өзіне қол жұмсамақ болды, мен аман алып қалдым. Күйеуім жастайынан жетім қалған бала, не бауырлары жоқ. Мүмкін содан құсалана ма екен, болмаса расында да ақыл-есі ауысқан деп ойлаймын", - дейді Жадыра.
Ер адам күзетші болып жұмыс істеген. Аягөзге барып-келіп еңбек етеді. Жадыраның айтуынша, дәл мұндай озбырлығы бұрын-соңды болмаған. Алайда әйеліне деген әлімжеттікті ер адам енесінің көзінше де талай көрсеткен. Енді кешіре алмаймын деген Жадыра күйеуін жазалансын дейді. Отбасында екі бала бар.
"Дәрігерлер өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, бірақ іш құрылысына зақым келген деп жатыр. Жансақтау бөлімінен шықты, қазір қасымда ұйықтап жатыр", - дейді Жадыра Жұмақанова.
Ақжарқынға 2024 жылы бауыр циррозы деген диагноз қойылып, Түркиядағы жеке клиникада емделген. Оған ресейлік "Солнце в ладошках" қайырымдылық қоры көмектескен.
"Ақжарқынға бауыр трансплантациясы жасалған. Қайырымдылыққа ақша жинауда мен жетекшілік еттім. Баланың жағдайы өте ауыр, соңғы стадиясы болды. Ота өте сәтті өтті. Негізі Талдықорғандағы Ақжарқынның емдеуші дәрігері Түркиядағы дәрігерге өтініш жасаған. Ал түрік профессоры ақшалай көмек көрсету туралы бізге жүгінді. Баласы ғана емес, сол кезде анасының да жағдайы сондай мүшкіл болды. Өйткені Жадыра отбасында әлімжеттікті сол кезде көріп жүрген. Ондай ер адамнан кетемін деп бізге уәде берген", - дейді қайырымдылық қор мүшесі Екатерина Доброва.
Sputnik Қазақстан тілшісіне аурухана дәрігерлері баланың жағдайы қалыпты дейді. Баланың ем қабылдауы үшін барлық медициналық шара қабылданып жатыр. Бала анасы екеуі дәрігерлер бақылауында болады, дейді облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері.
Талдықорғанда ер адам мас күйінде әйелі мен қызын ұрып тастаған