Тоқаев Пәкістанға мемлекеттік сапармен барды

Пәкістанның Әскери әуе күштерінің ұшақтары Қазақстан президенті мінген бортпен қапталдасып ұшты
Sputnik
АСТАНА, 3 ақпан – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістанға мемлекеттік сапармен барды, деп хабарлайды Ақорда.
Пәкістанның шекарасына енгеннен бастап Әскери әуе күштерінің ұшақтары Қазақстан президенті мінген бортпен қапталдасып ұшты.
Мемлекет басшысын Исламабад әуежайында президент Асиф Али Зардари мен премьер-министр Шахбаз Шариф қарсы алды.
"Мәртебелі мейманның келуіне орай Құрмет қарауылы сап түзеп, зеңбіректен 21 мәрте оқ атылды. Сондай-ақ Қазақстан мен Пәкістанның туларын ұстаған балалар Қасым-Жомарт Тоқаевқа қошемет көрсетті", - деп жазылған хабарламада.
Ертең жоғары деңгейде келіссөздер жүргізіліп, екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту перспективасы талқыланады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Сауда және интеграция министрлігі Қазақстан мен Пәкістан өзара тауар айналымының көлемін 1 млрд АҚШ долларына дейін жеткізуді мақсат етіп отырғанын мәлімдеген болатын.
Бұл – Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылдағы алғашқы мемлекеттік сапары.
Тоқаев Жапонияға ресми сапармен барды