Серік Сәпиев жаңа қызметке тағайындалды

Ол туризм және спорт министрінің штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды
Sputnik
АСТАНА, 3 ақпан – Sputnik. Қарағанды облыстық спорт басқармасынан кеткен Серік Сәпиев жаңа қызметке тағайындалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Туризм және спорт министрлігі таратқан ақпаратқа сәйкес, Сәпиев министрдің штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды.
"Серік Сапиев Қазақстан Республикасының туризм және спорт министрінің штаттан тыс кеңесшісі – жазғы XX Азия ойындарына дайындық штабының спорттық блогының үйлестірушісі болып тағайындалды. Бұл шешім биылғы жылы күшіне енген "Дене шынықтыру және спорт туралы" Заңның жаңа редакциясында көзделген ротация жүйесі аясында қабылданды", - делінген ресми хабарламада.
Бұған дейін Қарағанды облысының әкімдігі Серік Сәпиев пен оның орынбасары жұмыстан кеткенін хабарлаған болатын.
Айта кетері, биылғы жазғы Азия ойындары 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Айчи және Нагоя қалаларында өтеді. Азиада-2026 бағдарламасына 41 спорт түрі енген. Жалпы 68 бағдарлама бойынша 460 жүлде жиынтығы сарапқа салынады.
"Арандатушылыққа ермеймін": Серік Сәпиев мәлімдеме жасады