АСТАНА, 3 ақпан – Sputnik. Ішкі істер министрлігі интернет алаяқтықтың жаңа схемасы туралы ескертті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Алаяқтар алдымен Telegram-ға тегін электрондық кітаптардың үлкен жиынтығы қолжетімді екені жайлы хабарлама жібереді.
Қажетті басылым сұралғаннан кейін бот нақты сервиске имитиция жасай отырып, кітап сюжетінің қысқаша сипаттамасын жасайды.
"Бірақ кітапты оқу немесе жүктеудің орнына "арнайы қосымша" деген атаумен вирустық файл жібереді. Файлды орнатқан кезде алаяқтар құпиясөздер мен қаражат ұрлап, хат алмасуға және фотосуреттерге қол жеткізеді", - дейді полицейлер.
Осылайша, алаяқтар "тегін кітапхананың" арқасында смартфонды қашықтан басқара алады. Полиция бейресми көздерден қосымша жүктеген қауіпті екенін еске салады.