Алаяқтар алдау әдісін күрделендіріп жатыр – Бас прокуратура ескерту жасады

© Photo : Polisia.kz
Жазылу
Бұрын алаяқтарға ықтимал жәбірленушінің телефон нөмірін енгізу жеткілікті болатын
АСТАНА, 22 қаңтар – Sputnik. Алаяқтардың қолданатын әдістері барған сайын күрделеніп келеді, алайда негізгі схема өзгерген жоқ, деп хабарлады Бас прокуратура.
Жәбірленушінің телефонына "1414" қысқа нөмірінен SMS-код келеді.
"Бірінші қоңырау кезінде қаскөйлер өздерін мемлекеттік органдардың, банктердің немесе курьерлік қызметтердің қызметкері ретінде таныстырып, келген кодты айтуын сұрайды", - деп жазылған хабарламада.
Осыдан кейін екінші байланыс жасалады — бұл жолы өзін банк қауіпсіздік қызметі, полиция немесе ҰҚК өкілі ретінде таныстырады. Кейбір жағдайларда бейне байланыс арқылы сөйлеседі.
Олар алдыңғы қоңырау алаяқтардан болғанын айтып, кодтың айтылуына байланысты шоттан ақша шешілуі немесе несие рәсімделуі мүмкін деп қорқытады.
"Олар несие рәсімдеуді және қаражатты "қауіпсіз шотқа" аударуды ұсынады. Нақты ақша ұрлау және алаяқтық несиелерді рәсімдеу дәл осы кезеңде басталады", - деп түсіндірді Бас прокуратура.
Бұрын алаяқтарға ықтимал жәбірленушінің телефон нөмірін енгізу жеткілікті болатын, сол нөмірге "1414" қысқа нөмірінен SMS жіберілетін.
Қазір "1414" SMS-шлюзін пайдаланатын жүйелерге тек биометриялық аутентификацияны (FaceID), электронды цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) енгізу немесе QR-код (eGov QR) арқылы ғана қол жеткізуге болады.
Өткен жылдың желтоқсан айынан бастап аталған талаптарды енгізбеген жүйелер "1414" SMS-шлюзінен ажыратылды. Бұл шаралар азаматтарды алаяқтардан қорғауды арттыруға бағытталған.
Бас прокуратура ескертеді:
мемлекеттік органдар мен банктер ешқашан SMS-тен бір реттік кодтарды, карта деректерін немесе парольдерді сұрамайды;
ақша аудару үшін "қауіпсіз шоттар" жоқ;
күдікті қоңыраулар кезінде абай болыңыз, деректеріңізді үшінші тұлғаларға бермеңіз;
күмән туындаған жағдайда дереу банкке немесе уәкілетті мемлекеттік органдарға хабарласыңыз;
кибергигиена ережелерін сақтаңыз: тек ресми қосымшалар мен қызметтерді қолданыңыз, сілтемелер мен хабарламаларды тексеріңіз.