Конституцияның жаңа жобасына қатысты жалған ақпарат тарап жатыр

Мұндай жарияланымдарда көбіне кликбейт сипатындағы тақырыптар, эмоционалды түрде берілуі және бағалауыш пікірлер қолданылады
Sputnik
АСТАНА, 1 ақпан – Sputnik. Ақпараттық кеңістікте Конституцияның жаңа мәтінінің жобасына қатысты манипуляциялық әрі шындыққа сәйкес келмейтін ақпараттар таралуда, деп хабарлайды жалған ақпараттарға қатысты іс-қимыл орталығы.
Мұндай жарияланымдарда көбіне кликбейт сипатындағы тақырыптар, эмоционалды түрде берілуі және бағалауыш пікірлер қолданылады. Сондай-ақ жоба мәтінінің нақты баптары мен тармақтарына сілтемелер келтірілмейді, дейді орталықта.
"Бұл тәсіл Конституция жобасының мәтінімен таныс емес әлеуметтік желі пайдаланушыларына бағытталған. Сондай-ақ қоғамның конституциялық өзгерістер туралы бұрмаланған түсінік қалыптастырып жатыр", - дейді жалған ақпараттарға қатысты іс-қимыл орталығында.
Осыған байланысты, орталық Конституция жобасына қатысты кең таралған жалған ақпараттарға түсіндірме шолу ұсынды.

"Конституция жобасы президенттік билікті күшейтуге бағытталған"

Президент дара түрде негізгі кадрлық шешімдер қабылдай алмайды. Премьер-Министрді, Вице-Президентті, Конституциялық Соттың Төрағасы мен судьяларын, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палатаның мүшелерін тағайындау тек Құрылтайдың келісімімен жүзеге асырылады (46-баптың 2, 4 және 8-тармақтары). Бұл кадрлық шешімдердің жеке тұлғаның еркіне тәуелді болмай, алқалы негізде қабылдануын қамтамасыз етеді.
"Сонымен қатар президентті мемлекетке опасыздық жасағаны үшін қызметінен кетірудің нақты әрі егжей-тегжейлі рәсімі көзделген (50-баптың 3-тармағы). Сондай-ақ президенттің өкілеттік мерзімі бір рет қана, жеті жыл болып белгіленеді. Қайта сайлануға тыйым салу өзгертілмейтін конституциялық нормалар қатарына жатқызылған (43-баптың 1 және 5-тармақтары), бұл олардың болашақта қайта қаралуына жол бермейді", - дейді орталық.

"Мәтіннің 80 пайызға өзгеруі мемлекеттік құрылыстың түбегейлі өзгеруін білдіреді"

Шын мәнінде:
1-бапта Қазақстанның демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретіндегі базалық сипаты сақталған;
2-баптың 6-тармағында мемлекеттің егемендігі, тәуелсіздігі, унитарлығы, аумақтық тұтастығы және басқару нысанының өзгермейтіні тікелей бекітілген.

"Жоба сөз бостандығы мен жиналыстар еркіндігін шектеуді кеңейтеді"

Конституция жобасында цензураға тікелей тыйым салынған (23-баптың 5-тармағы) және сөз бостандығы мен бейбіт жиналыстар өткізу еркіндігінің негізгі кепілдіктері сақталған.

"Бостандық" ұғымынан бас тарту"

Бұл тұжырым Конституция жобасының мазмұнына сәйкес келмейді. Адам құқықтары мен бостандықтары сақталып қана қоймай, құқықтық тұрғыдан күшейтілген. Кіріспеде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын мүлтіксіз сақтау міндеті айқындалған.
"Ұсынылған конституциялық өзгерістерді бағалаудың жалғыз сенімді көзі – Конституция жобасының мәтіні және оны жүйелі түрде зерделеу болып табылады. Заң нормаларына тікелей сілтемелерсіз жасалған кез келген мәлімдемелерге сыни тұрғыдан қарау қажет", - дейді жалған ақпараттарға қатысты іс-қимыл орталығы.
Дерекқорға жалған мәліметтер енгізген бұрынғы кеден қызметкері Испаниядан экстрадицияланды