АСТАНА, 31 қаңтар – Sputnik. Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан X әлеуметтік желісінде Украинаны қолдаудың ауыртпалығын өз азаматтарының мойнына жүктеуге жол бермейтінін мәлімдеді.
"Біз Украинаға әскер де, қару да, ақша да жібермейміз. Олар кредит пен үлкен қаржылық жарналарды алғысы келіп отыр, бұл тіпті біздің балаларымыз бен немерелерімізді де қарызға батырады. Венгрия бұл ойынға қатыспайды", — деп жазды ол.
Орбанның айтуынша Брюссель мен Киев Венгрияда өз талаптарына көнетін үкімет болғанын қалайды, алайда бұл жүзеге аспайды.
Бұған дейін Орбан Украинаға ЕО-ға мүше елдер есебінен 90 миллиард еуро және 800 миллиард доллар бөлу жоспары жарияланғаннан кейін, Киевке қаржы жіберуге қарсы петиция басталғанын хабарлаған еді. Осыған байланысты Украина Сыртқы істер министрлігі Венгрияның Киевтегі елшісін шақырып, наразылық білдірді.