Терезеден кіріп, сейфті алып кеткен: Қарағандыда ұры ұсталды

Sputnik
АСТАНА, 31 қаңтар - Sputnik. Қарағандыда полиция қызметкерлері "Арлан" арнайы мақсаттағы бөлімінің жауынгерлерімен бірлесіп, жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Түркістан облысының 30 жастағы тұрғынын ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, күдіктінің туған жерінде осыған ұқсас ұрлық қылмысын жасағаны анықталған.
"Күдікті Қарағанды қаласындағы тұрғын үйлердің бірінің терезесін бұзып, заңсыз кіріп, ішінде ақша мен алтын бұйымдар сақталған сейфті алып кеткен", - дейді полиция.
Жаңа жылдық мерекелік демалыстан кейін үйлеріне оралған қарағандылық отбасы бұл қылмысты анықтаған. Келтірілген материалдық шығынның жалпы сомасы – 10 миллион теңге.
Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қуаныш Орынбетовтің айтуынша, күдікті өз кінәсін мойындап, қылмысқа қатысты айғақ заттар табылған. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу аясында полицейлер ұсталған азаматтың қала аумағындағы жүріп-тұру бағытын зерттеп, оның бұрын тіркелген, ашылмай қалған өзге де ұрлық қылмысына қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.
Алматы әуежайында 33 жаңа смартфонды ұрлаған ұры қолға түсті