АСТАНА, 30 қаңтар – Sputnik. Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және Өкілетті елшісі Дәурен Абаев көрші елдің аудиториясына қолға алынған конститциялық реформаны түсіндіріп берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Елшінің айтуынша, бүгінде Ресейдегі сарапшылар, саяси және іскерлік топтар тарапынан Қазақстанда болып жатқан өзгерістерге қатысты сұрақтар көптеп түсіп жатыр. Әсіресе, Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық құрылтайда жариялаған конституциялық өзгерістерге қызығушылық жоғары болып тұр.
"Саясатта көп жағдайда реформалардың екі түрін шатастырып жатады. Олар – косметикалық және жүйелі. Косметикалық реформалар тек маңдайшаларды өзгертсе, жүйелі реформалар шешім қабылдаудың логикасын, жауапкершілікті алу мен институттардың сапасын өзгертеді", - деп жазды Абаев "Независимая газетадағы" мақаласында.
Ал Тоқаев жариялаған реформалар Қазақстанды кадрлар, капитал, инфрақұрылым мен техногияларды сапалы түрде басқара білетіндердің заманына дайындауға арналып отыр. Соның нәтижесінде бюрократия азайып, технологиялық дербестік күшейе түседі. Әлеуметтік тұрақтылық та болады. Себебі патриотизм ұранмен емес, жұмыс пен жауапкершілікпен көрсетілуі керек.
"Мемлекет басшысы әрі қарапайым, әрі революциялық формуланы ұсынды. Қазақстанда жауапты патриотизм болуы қажет. Шын мәнінде президент "Отанға деген сүйіспеншіліктің" екі түрін ажыратып отыр. Пафосқа толы патриотизм және еңбек, тәртіп пен елге үлес қосуды көздейтін патриотизм. Жасампаз патриотизм – бұл зауыттар, мектептер, университеттер, зертханалар, мемлекеттік мекемелер мен жеке меншік компаниялардағы азаматтардың еңбегі", - деп атап көрсетті елші.
Осы орайда Абаев президенттің тарихқа қатысты өкпе-реніштен, догматизм мен мәдени стереотиптерден ада болуға шақыратын сөзін де еске салды. Онсыз үлкен өзгерістерді іске асыру қиын.
"Қазіргі кезде Конституцияға енгізілетін өзгерістерді ашық және белсенді талқылап жатыр. Олардың ауқымы кең және "өзгеріс" деген сөзге сыймайды. Жаңа Конституция туралы айтатын уақыт келді", - дейді Абаев.