АСТАНА, 28 қаңтар – Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев көршілес елдің қыруар қаржысын шетелге жіберген банкті сынға алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мемлекет басшысы бүгін қаржылық мониторинг агенттігінде жиын өткізіп, коммерциялық банктердің заңсыз әрі күмәнді операцияларына бақылауды күшейтуді тапсырды.
"Жақында төраға Элиманов қазақстандық банктердің бірі арқылы былтыр көршілес елден басқа мемлекеттерге 7 триллион теңгеден астам қаржы "жөнелтілгені" туралы баяндады. Менің ойымша, бұл заңға, экономикаға, тіпті саясатқа қайшы келетін ерсі жағдай. Өкінішке қарай, мұндай алаяқтық қаржы схемаларына қатысты фактілер азаймай тұр", - деді Тоқаев.
Оның айтуынша, бұл кесел әлеуметтік саланы да жайлады.
"Мемлекет қаржысын жымқырушылардың заңды белден басқан қомағай әрекеті еш ақылға сыймайды", – деді президент.
Айта кетері, бүгін Тоқаев қаржы пирамидаларына адам тартатын азаматтар үшін қылмыстық жазаға енгізуді де тапсырды.