АСТАНА, 27 қаңтар – Sputnik. Премьер-министр Олжас Бектенов фаст-фуд пен энергетикалық сусындарға қоғам болып тойтарыс беруге шақырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Үкіметтің бүгінгі отырысында "Қазақстан балалары" тұжырымдамасы қаралды. Соның аясында балалардың денсаулығын сақтау шараларына ерекше басымдық беріледі. Осы орайда премьер-министр фаст-фуд пен энергетикалық ішімдіктерге қатысты өз ойын айтты.
"Балалардың ішетін тамағы – өте маңызды мәселе. Өкінішке қарай, бізде балалар мен жасөспірімдердің көбісі фаст-фудқа, сосын энергетикалық ішімдіктерге құмар болады. Тіпті, кей кезде оған тәуелді болып қалады. Осы қауіпке біз бәріміз бүкіл ел болып, қоғам болып тойтарыс беруіміз керек. Өте қауіпті жағдай",-деді Бектенов.
Осы орайда премьер денсаулық сақтау министрлігіне нақты ұсыныс енгізуді тапсырды.