"Нәтиже болмаса, қоштасамыз": Бектенов ұлттық компания басшысына ескерту жасады

Sputnik
АСТАНА, 27 қаңтар – Sputnik. Премьер-министр Олжас Бектенов "Kazakh Tourism" ұлттық компаниясының жаңа басшысына ескерту жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін компанияның жаңадан тағайындалған төрағасы Талғат Ғазизов туризмді дамыту бойынша есеп берді. Ал баяндаманың соңында премьер-министр оған ескерту жасады.
"Талғат Жанатұлы, сіз осы қызметке жаңадан келіп отырсыз. Бірақ оған қарамастан, өзіңізден нақты нәтиже күтеміз. Нәтиже болса, ары қарай жұмыс істей бересіз. Нәтиже болмаса, қоштасамыз. Келістік пе?", - деді Бектенов.
Компания басшысы: "Келістік", - деп қысқа ғана қайырды.
Айта кетері, жыл басында президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сұхбатында нақты нәтиже қалайтынын ерекше атап өткен болатын.
"Мен үшін қағаз жүзінде емес, іс жүзінде нақты нәтижеге қол жеткізу бәрінен де маңызды", - деді президент.
Ал ертесінде премьер-министр Бектенов министрлер кабинетіне есеп пен презентацияларды доғару қажеттігін, ал нәтиже болмаса оның бәрі бос әңгіме екенін ескертті.
Қазақстанда туризмге салынған инвестиция көлемі 32%-ға артты