АСТАНА, 23 қаңтар – Sputnik. Әлеуметтік желіде бокстан Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев орынбасарымен төбелесіп қалғаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Әлеуметтік желідегі ақпаратта Серік Сәпиевтің өз орынбасары Дәурен Есімхановпен төбелескені жазылған. Айта кетейік, Олимпиада чемпионы Қарағанды облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасына жетекшілік етеді.
Қарағанды облыстық полиция департаменті оқиғаға қатысты тұлғалардың аты-жөнін атамағанмен, спорт кешенінде болған төбелестің мән-жайын жариялады.
Облыстық полиция департаменті ұсынған ақпаратқа сәйкес, бұл оқиға 21 қаңтар күні қаладағы спорт кешенінде болған.
"42 жастағы қала тұрғыны жазған арыздың негізінде ұрып-соғу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі кезде оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр", - дейді полицейлер.
Айта кетері, Дәурен Есімханов самбодан спорт шебері, бұған дейін әлем чемпионаттарының жүлдегері болған. Сондай-ақ, джиу-джитсудан әлем чемпионы атағы бар.