АСТАНА, 22 қаңтар - Sputnik. Жамбыл облысында күрестен оқу-жаттығуға барған жас спортшылар жаппай уланып қалды.
Облыстық әкімдіктің мәліметіне сәйкес, жасөспірімдер Меркі ауданына Қызылорда облысынан барған.
"21 қаңтар күні сағат 22:40 шамасында Меркі аудандық көпбейінді орталық ауруханасына "Тұран" демалыс орнынан Қызылорда облысынан ауданға күрес түрінен оқу-жаттығу жиынына келген 12–17 жас аралығындағы 22 кәмелетке толмаған жасөспірім жеткізілді. Алдын ала диагноз – этиологиясы анықталмаған гастроэнтерит", - деп жазылған хабарламада.
Аурудың себептерін анықтау мақсатында науқастардан және тағам өнімдерінен зертханалық сараптамалар алынған, қазіргі таңда қорытындысы күтіліп жатыр, дейді әкімдікте.
Аталған жағдай бойынша облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тиісті тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Сонымен қатар бұл факті Меркі аудандық полиция бөлімінде тіркеліп, құзырлы органның тексеру қорытындысы негізінде тиісті процестік шешім қабылданады.
"Балалар медициналық бақылауға алынған, тиісті органдар тарапынан барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр", - деп хабарлады әкімдікте.
Айта кетейік, аталған демалыс орнында барлығы 103 жас спортшы мен 13 жаттықтырушы қоныстанған. Ауруханаға жүгінген науқастардың жағдайы жеңіл дәрежеде деп бағаланып отыр, денсаулықтары қалыпты, дәрігерлердің тұрақты бақылауында. Демалыс орнындағы басқа балаларға медициналық тексеру жүргізілді, ауру белгілері анықталған жоқ, профилактикалық шаралар жалғасып жатыр.