Салық кодексіне өзгеріс енгізіле ме - үкімет өз ұстанымын айтты

Үкімет жанынан Салық кодексін енгізу және реттеуші ортаны жеңілдету жөніндегі жобалық кеңсе құрылады
Sputnik
АСТАНА, 21 қаңтар – Sputnik. Премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Салық кодексіне қандай жағдайда өзгеріс енгізілетінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ұлттық құрылтайдың кешегі отырысында Тоқаев ойға қонымды ұсыныстардың негізінде Салық кодексіне өзгеріс енгізуге болады деп айтқан. Себебі “кодекс киелі жазу емес”. Ал үкіметтің бүгінгі отырысында президенттің тапсырмасын орындау мәселесі қаралды. Вице-премьер Серік Жұманғариннің айтуынша, кодекске қол қойылған сәттен бастап мыңдаған өтініш түскен.
"Бизнес сұрауларының көпшілігі қолданбалы негізде, бұл - салық режимін таңдау, ұзақ мерзімді шарттарды орындау, сондай-ақ жаңа нормаларды іс жүзінде қолдану мәселелері. Жұмысты жеңілдету мақсатында Үкімет жанынан Салық кодексін енгізу және реттеуші ортаны жеңілдету жөніндегі жобалық кеңсе құрылады", - деді Жұманғарин.
Жобалық кеңсе бизнестің өтініштерін жинап, келісілген шешімдерді қабылдайды.
"Барлық сындарлы ұсыныстар мұқият қаралып, қорытындысы бойынша түзетулер енгізудің орындылығы мен қажеттілігі айқындалатын болады", - деді вице-премьер.
Қазақстандықтарға салық режимін таңдауға 1 наурызға дейін уақыт берілді