Қыз алып қашуға дәстүр ретінде қарайтын жағдайға жеттік – Абзал Құспан

Депутат келеңсіздіктердің алдын алу үшін профилактикалық шараларды көбірек жүргізу қажет деп санайды
Sputnik
АСТАНА, 21 қаңтар – Sputnik. Мәжіліс депутаты Абзал Құспан мәжбүрлі түрде қыз алып қашу дәстүр емес, қылмыс екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Егер екеуара келісім жасалса, кәмелет жасына толған болса, қыз алып қашу қылмыс болмайды. Ал зорлықпен жасалған әрекеттің бәрі қылмыс. Қызды былай қойыңыз, ер адамды мәжбүрлі түрде бір нүктеден екінші нүктеге апарсаңыз, адам ұрлау бабымен сотталасыз. Неге қызды ұрлаған кезде қылмыс болмау керек? Сөзсіз қылмыс", - дейді депутат.
Абзал Құспан келеңсіздіктердің алдын алу үшін профилактикалық шараларды көбірек жүргізу қажет деп санайды.
"2025 жылдың маусым айында үкіметке хат жолдадым. Сонда профилактикалық шараларды, заңды түсіндіру шараларын күшейту керектігін нақты көрсеттім. Себебі жәбірленушілер өз құқығын біле бермейді. Олардың туыстары дәстүр ретінде қарайтындай жағдай қалыптасты. Оны қылмыс деп санамайды. Алдын алуға әрекет жасамайды. Екінші проблема, "құқық қолдану" деген ұғым бар, соны дұрыс қолданбай жатыр. Нұрайдың өлімі соған дәлел", - деп түйіндеді ол.
Еске сала кетейік, Шымкент қаласында 21 жастағы Нұрай Серікбайды пышақтап тастады. 13 қаңтарда күдікті ұсталды. Бойжеткеннің кісі қолынан қаза тапқаны бүкіл елді дүрліктірді.