АСТАНА, 20 қаңтар – Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкентте болған оқиға бойынша тапсырма берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Жақында Шымкент қаласында 21 жастағы Нұрай Серікбайды пышақтап тастады. 13 қаңтарда күдікті ұсталды. Бойжеткеннің кісі қолынан қаза тапқаны бүкіл елді дүрліктірді. Ал Ұлттық құрылтайға осы оқиға бойынша 130-дан астам өтініш келіп түсті.
"Күдіктінің Нұрайды аңдып, маза бермей, қоқан-лоқы көрсеткені анықталып отыр. Ақыры мұның арты адам өліміне әкеліп соқтырды. Осыған байланысты ішкі істер министрлігіне Шымкент қалалық полиция департаментінің әрекетіне құқықтық баға беруді тапсырдым. Бас прокурор да бұл мәселені мұқият тексереді", - деді Тоқаев құрылтайдың бүгінгі отырысында.
Осы орайда мемлекет басшысы қыз алып қашуға қатысты өз ойын да айтты. Президент қыз алып қашуды ұлтымыздың беделіне нұқсан келтіретін өрескел әрі жабайы қылмыс деп атады.
"Мұндай қатыгездікке ешқашан жол беруге болмайды. Жыл өткен сайын халықтың сана-сезімі өсіп, қоғамда азаматтық жауапкершілік деңгейі артып келеді. Заңнамалық өзгерістер де соған сай болуы өте маңызды. Заң мен тәртіп бәріне ортақ. Еліміздің әрбір азаматы заң талабын бұлжытпай орындауға тиіс", - деді Тоқаев.
Айта кетері, жақында Шымкентте студент қызды алып қашқан. Одан кейін сол үйде жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрледі. Оның арызы бойынша қылмыстық іс қозғалды.