АЛМАТЫ, 20 қаңтар – Sputnik. Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы мен оның бірінші орынбасары қызметінен босатылды.
Сондай-ақ бірқатар лауазымды тұлға ішкі істер органдарынан шығарылды.
"Ішкі істер министрлігі өзіндік қауіпсіздік департаменті Қаратау ауданы полиция басқармасының қызметкерлеріне қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Оларға марқұм Нұрай Серікбайдың туыстарының өтініштерін дұрыс қарамаған деген айып тағылды", - деп хабарлады қалалық полиция департаменті.
Қылмыстық іс шеңберінде жедел ден қоймау және уақтылы шаралар қабылдамау бойынша барлық дәйек жан-жақты тексеріледі.
"Тергеу қорытындысы бойынша заңда белгіленген тәртіппен лауазымды тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беріледі", - дейді полиция.
Кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс ішкі істер министрлігінің бақылауында. Тәжірибелі қызметкерлер қатарынан арнайы жедел-тергеу тобы құрылды.
Еске сала кетейік, 21 жастағы Нұрай Серікбай кісі қолынан қайтыс болды. Күдікті ретінде 28 жастағы ер адам ұсталды. Ол қызға бірнеше пышақ жарақатын салған.
Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құрылтайда осы оқиғаға қатысты тапсырма берді.
"Күдіктінің Нұрайды аңдып, маза бермей, қоқан-лоқы көрсеткені анықталып отыр. Ақыры мұның арты адам өліміне әкеліп соқтырды. Осыған байланысты ішкі істер министрлігіне Шымкент қалалық полиция департаментінің әрекетіне құқықтық баға беруді тапсырдым. Бас прокурор да бұл мәселені мұқият тексереді", - деді Тоқаев.