АСТАНА, 19 қаңтар – Sputnik. "Теңізшевройл" компаниясы Теңіз және Королевское кен орындарында мұнай өндіруді уақытша тоқтатты.
Компанияның хабарлауынша, бір күн бұрынғы өрт өндірістік нысандардағы электр энергиясын тарату жүйелерінің кейбір бөліктерін зақымдаған.
"ТШО" өкілдері Sputnik Қазақстан тілшісіне зардап шеккендер жоқ екенін және жағдай толық бақылауда екенін мәлімдеді.
Бұған дейін Теңіз кен орнындағы зауытта трансформатор өртенгені туралы ақпарат тараған болатын. Сол кезде өрттің оқшауланғаны және зардап шеккендер жоқ екені айтылды.
Кейін бұл ақпаратты "ҚазМұнайГаз" компаниясы да растады. Компания мәліметінше, өрт таңертең болған, кәсіпорынның авариялық қызметі оны сөндірген.