Алматы мектептеріне теракт жасалады - полиция түсініктеме берді

Қазіргі уақытта қаладағы білім беру ұйымдарындағы ахуал толық бақылауда тұр
Sputnik
АСТАНА, 19 қаңтар - Sputnik. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Алматы қаласындағы бірқатар мектепте террористік актілер дайындалып жатқаны жөнінде ақпарат таралып жатыр. Ақпаратқа қатысты Алматы полиция департаменті түсініктеме берді.
Бұл мәлімет шындыққа сәйкес келмейді, бұл фейк, дейді полицияда. Қазіргі уақытта қаладағы білім беру ұйымдарындағы ахуал толық бақылауда тұр. Полиция және өзге де жедел қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп, балалар мен педагогтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылданды.

"Жалған ақпаратты тарату фактісі бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары басталды. Фейк хабарламаның авторы мен таралу көзі анықталып жатыр. Оған қатысы бар адамдар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады", - дейді полицияда.

Азаматтарды сабыр сақтауға, дүрбелеңге бой алдырмауға және тек ресми ақпарат көздеріне — мемлекеттік органдар мен құқық қорғау құрылымдарының хабарламаларына ғана сенуге шақырамыз, дейді тәртіп сақшылары.
"Әсіресе балалардың қауіпсіздігіне қатысты көрінеу жалған ақпарат тарату — ауыр құқық бұзушылық болып саналады және заңмен қатаң жауапкершілікке әкеп соғады. Тексерілмеген хабарламаларды таратпауға, қайта жолдамауға шақырамыз", - дейді Алматы қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Алматыда "мектепке бомба қойдық" деп хабарлаған оқушылар ұсталды