Түркістанда әкесін аяусыз ұрған тамадаға қатысты сот үкімі шықты

Сот орташа дене жарақаты қарияның өліміне себеп болмады деген шешімге келді
Sputnik
АСТАНА, 16 қаңтар – Sputnik. Түркістан облысында туған әкесін аяусыз ұрған тамадаға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Жетісай аудандық сотында дәрменсіз күйде болған адамға қасақана орташа ауырлықтағы дене жарақатын келтіру және азаптау ісі қаралды.
Ол үшін 40 жастағы ұлы жауапқа тартылып отыр. Сот материалдарына сәйкес, қайтыс болған қарияның денсаулығы 2020 жылдан бері нашарлап, қозғалыс жағынан қиындық көрген. Соған қарамастан, баласы әкесін жүйелі түрде ұрып соққан.
"Салдарынан жәбірленуші физикалық және психикалық азап шегіп, денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтірілген. Сотталушының кінәсі өзінің түсініктемелерімен, куәлардың айғақтарымен, аудио-бейне материалдармен, сондай-ақ сот-медициналық сараптамалардың қорытындыларымен толық дәлелденді", - делінген үкімде.
Алайда сот орташа дене жарақаты қарияның өліміне себеп болмады деген шешімге келді. Прокурор 6 жыл 2 ай мерзімге бас бостандығынан айыруды сұраған.
Ал сотталушы кінәсін мойындап, жеңіл жаза тағайындауды өтінді. Сот үкімімен әкесін азаптаған ер адам 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Әкесін аяусыз ұрып-соққан түркістандық 10 жылға дейін сотталуы мүмкін