Энергетика министрі Алматыдағы ЖЭО-3 жаңғырту қарқынын сынға алды

ЖЭО-3 құрылысы бекітілген кестеден кеш жүргізіліп жатыр
Sputnik
АСТАНА, 16 қаңтар – Sputnik. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Алматы энергетикалық тораптарын газға көшіру жобаларының жүзеге асырылу барысын тексерді.
Ведомство басшысы ЖЭО-2 және ЖЭО-3 құрылыс алаңдарын аралап шықты. Нысандарды аралау барысында Ерлан Ақкенженов мегаполис үшін жылу электр стансаларын газға көшірудің әлеуметтік маңызын атап өтті.
"Алматы қаласында экологиялық жағдай күрделі. Жылу электр стансаларын газға көшіру — мемлекет басшысының тапсырмасы және халық алдындағы міндетіміз. Бұл мәселеде қателесуге жол жоқ", — деді министр мердігерлерге қарата айтқан сөзінде.
ЖЭО-2 нысанын аралау барысында мердігер ұйымның өкілдері 2 және 3 нөмірлі ыстық су қазандықтарының гидравликалық сынақтардан сәтті өткенін хабарлап, жұмыс кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Алайда ЖЭО-3 құрылыс алаңындағы жағдайды ведомство басшысы қатаң сынға алды. Министр жобаның бекітілген кестеден кеш жүргізіліп жатқандығын алға тартып, бас мердігер ұйымның жұмысты жүйелі ұйымдастыра алмағанын атап өтті.
Құрылыс компанияларының басшылары мен өкілдеріне Ерлан Ақкенженов ресурстарды шұғыл жұмылдыруды талап етіп, мердігерлердің жеке жауапкершілігін нақтылады.
Аталған жобаның жүзеге асырылуы Энергетика министрлігінің тұрақты бақылауына алынып, жауапты тұлғаларға апталық есеп беру міндеттелді.