АЛМАТЫ, 14 қаңтар – Sputnik. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, елдегі әрбір екінші кісі өлтіру, әрбір үшінші зорлау және бұзақылық мас күйде жасалады. Осыған орай "Қазақстан Халық партиясы" фракциясының депутаты Магеррам Магеррамов премьер-министр Олжас Бектеновке елдегі алкоголь өнімдері айналымына талапты қатаңдату туралы депутаттық сауал жолдады.
Сондай-ақ әрбір төртінші тонау, жол апаты және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық, құқық бұзушылықтардың жартысынан көбі мас күйде жасалады, дейді депутат Магеррам Магеррамов.
"Бүгінгі таңда сауда объектілері кәмелетке толмағандарға алкогольдік ішімдіктерді сатпайтындығына ешкім кепілдік бере алмайды. Өйткені бұл нысандар өте көп және оларды бақылау физикалық түрде мүмкін емес", - дейді Магеррам Магеррамов.
Депутаттың айтуынша, балалар мекемелері мен білім беру ұйымдарынан 100 метр радиуста алкогольді сатуға тыйым салатын бұрынғы қолданыстағы нормаға оралу қажет.
Сондай-ақ алкоголь өнімдерін сату бойынша сауда нүктелерінің санын шектеу маңызды. Ол алкоголь өнімі қозғалысының барлық кезеңінде міндетті түрде таңбалану қажет.
Депутат ұсынған талаптар:
Алкоголь өнімін сәйкестендіру құралдарымен міндетті цифрлық таңбалауға жататын тауарлардың тізбесіне енгізу,
Алкогольді сатудың нақты нүктелерін анықтап, алкогольді басқа жерлерде сатуға тыйым салуды барлық жерде енгізу,
20:00-ден кейін сауда объектілерінде алкоголь өнімдерін бөлшек саудада сатуға тыйым салу,
22:00-ден кейін ойын-сауық орындарында (кафелерде, мейрамханаларда) алкогольді сатуға тыйым салу,
Алкогольді онлайн сатуға тыйым салу.
"Мәдениет және ақпарат, ағарту, ғылым және жоғары білім, денсаулық сақтау министрліктері құқық бұзушылықтардың алдын алу субъектілері ретінде кәмелетке толмағандар мен жастар арасында алкоголизм зиянының алдын алудың бірыңғай бағдарламасын әзірлесін", - деді Магеррам Магеррамов.
Депутат үкіметтен бұл сауалға заңнамада белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруді сұрады.