АСТАНА, 14 қаңтар – Sputnik. Блогер Қайсар Қамза заңсыз ойын бизнесіне жәрдемдесті деген күдікке ілінген. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше сот оған қатысты "қамауда ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялаған.
"Күдікті 5 жыл бойы өзінің 2,4 млн оқырманы бар "qais_arr" парақшасында белсенді блогерлік қызмет жүргізіп, "Telegram"-дағы "Қора энтертейнмэнт" жабық арнасын (368 мың жазылушы) басқарған", - деп жазылған хабарламада.
Күдікті әлеуметтік желілердегі жеке аккаунттарын пайдалана отырып, Қазақстан Республикасының азаматтары үшін "Pinco" сайтында тіркелуге және құмар ойындарға қатысуға бағытталған тікелей сілтемелерді, графикалық элементтерді және үндеулерді қамтитын бейнематериалдар мен жарияланымдарды жүйелі түрде орналастырған. Сонымен қатар бейнероликтердің астында пайдаланушыларға бонус беретін жеке промокодын көрсеткен.
"Осылайша, Қамза Қ.Б. азаматтарды құмар ойындарға тартуға бағытталған онлайн-платформаны жарнамалап, ойын платформасынан сыйақылар, бонустар немесе пайыздық аударымдар түрінде табыс алып отырған", - дейді агенттік.
Заңсыз жолмен алынған кірістерді жасыру мақсатында күдікті криптоәмиянды пайдаланған. Оған "Pinco" интернет-казиносының ұйымдастырушыларынан төлемдер түсіп отырған.
Сот санкциясымен 182 736,741 USDT көлеміндегі криптоактивтерге бұғау салынды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қайсар Бақытжанұлына халықаралық іздеу жарияланғаны хабарланған болатын.