АСТАНА, 6 қаңтар – Sputnik. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Хасенов орташа жалақыдан екі есе артық ақша алатын мамандарды атады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Былтыр IT нарығының кірістері 2 трлн теңгеге жеткен.
"IT саласы елімізде ең көп жалақы төленетін салалардың бірі болып табылады. Ресми статистикаға сәйкес, IT мамандардың жалақысы орташа жалақы деңгейінен екі есе жоғары", - деді Хасенов үкіметтің бүгінгі отырысында.
Ал отырыстан кейінгі брифингте бірінші вице-министр Ростислав Коняшкин IT мамандардың нақты жалақысын атады.
"Жаңылмасам, қазіргі кезде IT салада орташа жалақының көлемі шамамен 800 мың теңгеден асады", - деді Коняшкин.
Оның айтуынша, бүгінде мықты IT мамандарға сұраныс жоғары. Осыған байланысты жоғары жалақы ұсынылады.